ПРОФЕССОР РАФАЭЛЬ ГУСМАН ТИРАДО: АУДАРМАДА ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІ ТАБА БІЛУ – ЕҢ ҚИЫНЫ
Осы күндері еліміздің астанасында «Көп тілді әлемдегі орыс сөзі» деп аталатын орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының халықаралық қауымдастығының (МАПРЯЛ) конгресі өтіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен мыңнан астам орыс тілі маманы келді. Солардың бірі, Испаниялық Гранада университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рафаэль Гусман Тирадо мырзаны әңгімеге тарттым. Ол орыс тілін не себепті үйренгенін, аударма жұмысының ерекшелігі туралы айтып берді.
-Осындай іс-шара өткізудің қандай пайдасы бар?
-Әлемнің әр түкпірінен келген мамандардың басын қосқан осындай жиын – үлкен мейрам, танымал конгресс. Төрт жыл бұрын қыркүйек айында Испанияда Гранада университетінде МАПРИЯЛ ұйымымен бірлесе отырып, осындай конгресс өткіздік. Ұйымдастыруға өзім атсалыстым. Университет үшін де, мен үшін де үлкен мақтаныш болған осындай іс-шара өткізудің құндылығын жақсы түсінемін. Бүкіл әлемдегі орыс тілі мамандары жиналып, тәжірибе алмасамыз, бір-бірімізбен танысамыз.
-Сіздің орысшаңыз өте жақсы екен, Ресейде білім алдыңыз ба?
-Мен аспирантураны Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыдым. Орыс тілі менің жұмысым, махаббатым, орыс тіліне өмірімді арнадым. Қазір мен аудармамен айналысып жүрмін. Аудама ісі бойынша сабақ беремін. А.Т.Аверченко және т.б. аудардым. Әсіресе Е.Водолазкиннің еңбектерімен испан тілді оқырмандарды таныстырғаныма қуаныштымын. Үш ай бұрын жарияланды. Керемет жазушы. Тек классиктерді ғана емес, қазіргі заманғы жазушыларға да көңіл аудару керек.
-Аудармамен айналысу – қажырлы еңбек талап етеді. Кейде қиын көрінуі мүмкін.
-Иә. Аудару ол бір мәтінді екінші бір тілге сөзбе-сөз аудару ғана емес, аудармашы еңбегіне махаббатпен қарауы маңызды. Түпнұсқадағы мәтін желісін жоғалтпай, басқа тілді оқырманға түсінікті етіп жеткізу керек. Сол бір тепе-теңдікті таба білу – ең қиыны. Аудармашы тек тілді ғана емес, сол елдің мәдениетін де терең түсінуі міндетті.
-Яғни, түпнұсқаның стилистикасын сақтай отырып, басқа тілді оқырманға жеткізу ғой.
-Білесіз бе, әр-түрлі тенденциялар бар. Бірі түп нұсқаның рухын сақтап қалады, сол мәдениетте жүргеніңіздей көңіл-күй беруге тырысады, енді бірі мәтінді оқырманның түсінігіне жақын еткісі келеді. Мысалы, шығарманы испандыққа ұқсатып, өзінікіндей қабылдауына әсер етеді. Тағы бір аудармашы басқа мәдениетті экзотика етіп көрсетеді. Бұл аудару тәсілдерінің барлығы да заңды.
-Неге кәсібіңіз ретінде орыс тілін таңдадыңыз?
-Негізгі мамандығым ағылшын тілі еді, Ресейде аспирантурада оқып жүрген кезімде орыс тілін, мәдениетін ұнаттым. Үйрену әрине қиын болды, Испан тіліне ұқсамайды. Қиын, бірақ көптеген жақсы әдебиеттер бар.
-Орыс тілін Испанияда көп адам біле ме?
-Иә, қазір орысша үйренген біршама адам бар. Сауда, қарым-қатынастар деңгейінде сұранысқа ие.
-Сұхбатыңызға көп рахмет!
Нұржан Көшкін
Fuente: infotimes.kz